Алматы облысының су шаруашылығы қызметкерлеріне жаңа арнайы техника табысталды
АСТАНА. KAZINFORM — Республика күні қарсаңында Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов «Қазсушар» РМК-ның «Д.Қонаев атындағы Үлкен Алматы каналы» филиалы мамандарына жаңа арнайы техниканың кілттерін табыстады.
Ведомствоның дерегінше, қазіргі уақытта филиалға жүк көліктері, тракторлар, тартқыш көліктер, экскаваторлар, мотоциклдер және басқа да техникаларды қоса алғанда барлығы 47 техника жеткізілді. Филиал барлығы 73 арнайы техникамен қамтамасыз етіледі. Республика көлемінде «Қазсушар» кәсіпорнының филиалдарына жалпы саны 757 жаңа техника беру жоспарланған, оның 524-і қазірдің өзінде жеткізілген. Республика күніне орай ұйымдастырылған салтанатты іс-шарада министр Алматы облысының су шаруашылығы саласының қызметкерлеріне Алғыс хаттар табыстады.
— Жаңа әрі заманауи техника филиалдардың жұмыс тиімділігі мен қауіпсіздігін арттырады. Министрлік берген жабдықтар мен автокөліктер қазірдің өзінде гидротехникалық нысандарды жөндеу, салу және тазалау жұмыстарына пайдаланылып жатыр. Сонымен бірге біз су саласы қызметкерлерінің еңбек жағдайын жақсартуға және олардың мәртебесін арттыруға ерекше көңіл бөлеміз. Биыл «Табиғи монополиялар туралы» заңға су шаруашылығы қызметкерлерінің жалақысын 50 пайызға дейін арттыруды көздейтін өзгерістер енгізілді. Сондай-ақ министрлік мамандардың кәсіби біліктілігін арттыру және қайта даярлау бағдарламаларын тұрақты түрде ұйымдастырып келеді, — деді Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов.
Алматы облысына жасаған жұмыс сапары аясында Нұржан Нұржігітов «Алматы облысы су шаруашылығы» мемлекеттік коммуналдық кәсіпорны мен «Қазсушар» РМК өкілдерінің қатысуымен кеңес өткізді. Кездесуде су шаруашылығы нысандарын салу және реконструкциялау мәселелері, сондай-ақ 2026 жылғы суару маусымына дайындық барысы талқыланды.
Айта кетейік, Жетісу облысында 9 канал реконструкцияланып жатыр.