Алматы облысының тауларында қар көшкіні жүруі мүмкін

АЛМАТЫ. KAZINFORM – Алматы облысының тауларында 12 – 15 ақпан күндері қар көшкіні жүру қаупі сақталады.

Фото: 24.kz

Қар көшкіні қаупіне байланысты Алматы облысының төтенше жағдайлар департаменті азаматтардан, туристер мен демалушылардан қарлы беткейлерге шықпауды, сондай-ақ, таулы жерлерде барлық қауіпсіздік шараларын сақтауға шақырды.

«Алматы облысының аумағында Іле-Алатау тауларының оңтүстік беткейінде Еңбекшіқазақ, Талғар және Қарасай аудандарында 55 көшкін қаупі бар учаске бар. Негізінен қар көшкінінің түсуі температура фонының жоғарылауы мен жаңбыр, қар түрінде мол жауын-шашынның түсуіне байланысты болады», - деп ескертті Алматы облысының төтенше жағдайлар департаменті.

Еске салайық, 11 ақпан күні Алматы тауларында Ассы обсерваториясының жанында өздігінен қар көшкіні жүрді. Осыған байланысты Есік қаласы — Есік көлі — Түрген автожолының 15-41 шақырымы, сондай-ақ Түрген ауылы — Батан — Ассы обсерваториясы автожолының 20-41 шақырымы арасында 1 мамырға дейін жол жабылды