Қар жамылған таулардың бейнежазбасы әлеуметтік желіде тарады. Оның авторы бұл көріністі Алматы облысы Райымбек ауданындағы Ақкөл жайлауында түсіргенін айтты. Кадрлардан тау бөктеріндегі жасыл шыршалардың үстінен жапалақтап жауған қарды көруге болады.
Еске салайық, еліміздің оңтүстің бөлігінде ауа райы күрт суыды. «Қазгидромет» мәліметінше, 25 тамызда Алматы облысында жаңбыр жауып, кей жерлерде қатты жауын-шашын, ал облыстың таулы аймақтарында жаңбыр, найзағай, бұршақ пен дауылды жел күтілген еді. Таулы аймақтарда күндізгі ауа температурасы 13… 18 градус деңгейінде болжанды.
Жаңбыр мен қар араласқан жауын-шашын Мыңжылқы метеостанциясында да тіркелген. Сонымен қатар синоптиктер 26 тамызға қараған түні Алматы облысының таулы аудандарында жаңбыр жауады деп болжайды.
Бұған дейін «Қазгидромет» Қазақстанда 22-24 тамыз аралығында ауа райы күрт құбылатынын хабарлады.