Алматы облысының тауларында мәйіт табылды: альпинист 19 жыл бұрын жоғалған

ҚОНАЕВ. KAZINFORM — Алматы облысының тауларында табылған альпинистің 19 жыл бұрын жоғалып кеткені белгілі болды.

Фото: Анастасия Ахметова / Facebook

Бұған дейін шетелдік туристер Алматы облысының Талғар ауданында, Северцов мұздығы маңында теңіз деңгейінен 3400 метрге жуық биіктікте белгісіз адамның мәйітін тапқан болатын. Олар бұл туралы Төтенше жағдайлар министрлігіне хабарлаған.

Ақпарат түскен соң ҚР ТЖМ құтқарушылары оқиға орнына жетіп, мәйітті қатынауға қиын таулы аумақтан эвакуациялады. Мәйітті төменге жеткізу үшін «Қазәуеқұтқару» тікұшағы тартылды.

Оқиға туралы әлеуметтік желіде Алматы тұрғыны Анастасия Ахметова жазып, қаза тапқан альпинист жабдықтарының фотосуреттерін жариялаған еді. Бұл жазба бойынша оған көп уақыт бұрын жоғалған азаматтың қызы Нелля Михеева хабарласқан. Ол суреттегі сөмкені әкесінің дорбасына ұқсатқан. Оның айтуынша, әкесі 2007 жылы жоғалып кеткен.

— Арада 19 жыл өткенде әкемнің сүйектері табылды. Таңертең құрбым біздің жолдорбаға өте ұқсас сөмкенің суреті бар хабарламаны жіберді. Кейін бұл жазбаны күйеуім де жіберді. Мен ТЖМ өкілдеріне хабарластым, олар маған мәйітті төмен түсірген құтқарушының және тергеушінің телефон нөмірін берді. Тергеуші барлық суреттер мен құжаттарды жіберуді сұрады. Кейін қайта хабарласып, жолдорбаның ішінен әкемнің атына жазылған куәлік табылғанын айтты, — деді Нелля Михеева.

Еске салайық, Алматы құтқарушылары қауіпті тау бағыттарын атады.