Алматы облысының тұрғындары облыстық тасжолды жауып тастады

Фото: Фото: видеодан алынған кадр

АЛМАТЫ. KAZINFORM — Алматы облысы Байсерке ауылының тұрғындары наразылыққа шығып, облыстық маңызы бар «Алматы — Жетіген — Қапшағай су қоймасы» автомобиль жолын жауып тастады. 

Байсерке ауылдық округінің тұрғындары 11 мамыр күні жол-көлік оқиғасы болған жол аумағында бағдаршам орнатып, жарық беруді талап етіп отыр. 

Тұрғындардың сөзінше, олар аталған учаскеде үнемі жол қауіпсіздігіне қатысты күрделі мәселелерге тап болады.

Фото: видеодан алынған кадр

Аталған жағдайға байланысты Алматы облысы әкімдігінің баспасөз қызметі мәлімдеме жасады.

«Осы жылдың 21 мамырында Іле ауданы Байсерке ауылының тұрғындары 3-5 км учаскесінде облыстық маңызы бар „Алматы — Жетіген — Қапшағай су қоймасы“ жолын жапты. Оларды талабы — бағдаршам орнату және қажетті жол инфрақұрылымын қамтамасыз ету. Қазіргі уақытта облыстың уәкілетті органдары қажетті шараларды қабылдап жатыр», — деп хабарлады Алматы облысының әкімдігінен.

Айта кетейік, осы жылдың 11 мамырында аталмыш жол учаскесінде жүк көлігін мас күйінде басқарған жүргізуші аялдама павильонын басып, салдарынан екі адам қаза тапқан болатын.