Алматы облысының жолдарын камерасы бар патрульдік көліктер бақылайды

Алматы облысында жол жүру ережесін бұзғандарды тіркейтін арнайы камералармен жабдықталған полиция көліктері жүр, деп хабарлайды Kazinform. 

Фото: Мақсат Шағырбаев/Kazinform

Облыстық Полиция департаменті жол қауіпсіздігінің алдын алу жұмыстарының тиімділігін арттыру мақсатында 20 қызметтік көлікке арнайы құрылғы орнатылғанын мәлімдеді.

«Аппараттық-бағдарламалық кешен фото және видео жазуға, көлік құралдарының жылдамдығын өлшеуге, көліктің мемлекеттік нөмірін тануға, жалпы көлік апатына әкелетін жол қозғалысы ережелерін бұзғандарды анықтауға арналған», - деп атап өтті Алматы облыстық Полиция департаментінің басшысы Бауыржан Әленов.

Құрылғы жолдағы және тұрақтағы көліктердің нөмірін автоматты түрде таниды, алынған деректер Бас прокуратураның жанындағы әкімшілік құқық бұзушылықтардың бірыңғай тізіліміне жіберіледі.