Алматы онкологиялық орталығы елде алғаш болып жаңа буынның позициялау жүйесін енгізді

АСТАНА. KAZINFORM — Алматы онкологиялық орталығында Қазақстанда алғаш рет ExacTrac Dynamic Brainlab жаңа буынның позициялау жүйесі енгізілді. Бұл жүйе сәулелік терапияның дәлдігін арттырып, онкологиямен ауыратын пациенттерді емдеу мүмкіндіктерін кеңейтеді.

Фото: Алматы әкімдігі

Алматы әкімдігі баспасөз қызметінің хабарлауынша, жаңа жүйе әртүрлі орналасқан ісіктерді, соның ішінде бас миындағы ісіктер мен көптеген метастаздарды емдеуде қолданылады.

Емдеу сеансы барысында ол пациенттің дене қалпын, тіпті тыныс алуға байланысты кішігірім қозғалысты да үздіксіз бақылап отырады. Қарапайым тыныс алу кезінде пациенттің қалпы өзгерсе, жүйе сәулелендіруді автоматты түрде тоқтатады. Бұл жоғары сәуле дозасын ісікке барынша дәл бағыттауға, ал айналасындағы сау ағзалар мен тіндерді қорғауға мүмкіндік береді. Соның нәтижесінде емнің тиімділігі артып, пациенттердің өмір сүру сапасын сақтауға ықпал етеді.

Алматы онкологиялық орталығында күн сайын шамамен 100 алматылық сәулелік терапия курсынан өтеді.

Алматы онкологиялық орталығының сәулелік терапия бөлімшесінің меңгерушісі Евгений Ишкининнің айтуынша, жаңа жүйені енгізу жоғары технологиялық онкологиялық көмекті дамытудағы маңызды қадам болды.

— Бұл жүйе рентгендік, оптикалық және термалды 3D-визуализацияны пайдалана отырып, пациенттің дене қалпын алты координат бойынша үздіксіз бақылайды. Тіпті, тыныс алуға байланысты аздаған қозғалыстың өзі емнің дәлдігіне әсер етуі мүмкін. Сондықтан қандай да бір ауытқу анықталған жағдайда сәулелендіру автоматты түрде тоқтатылады. Бұл жоғары сәуле дозасын ісікке барынша дәл жеткізуге, сау тіндерге түсетін сәулелік жүктемені азайтуға және емнің тиімділігін арттыруға мүмкіндік береді, — деді Евгений Ишкинин.

Еске салайық, бұған дейін Қазақстанда 15 мыңға жуық онкологиялық науқас сәулелік ем қабылдап жатқанын хабарлағанбыз.