Алматы онкоорталығында роботтандырылған дәріхана іске қосылды

АСТАНА. KAZINFORM – Алматы онкологиялық орталығында дәрілік препараттарды қабылдау, сақтау, дайындау және науқасқа беру үдерісін автоматтандыратын роботтандырылған дәріхана кешені іске қосылды, деп хабарлайды қала әкімдігі.

Фото: Алматы әкімдігі

Орталықта сонымен қатар дәрілік препараттарды жабық әрі герметикалық жағдайда дайындауға арналған арнайы жүйе енгізілді.

Жаңа технология дәрі-дәрмекпен жұмыс істеудің негізгі кезеңдерін автоматтандыруға мүмкіндік береді. Әрбір препаратқа жеке код беріліп, онымен жасалған барлық әрекет цифрлық жүйеде тіркеледі.

– Жүйе дәрілік препараттың орталыққа түскен сәтінен бастап науқасқа берілгенге дейінгі бүкіл қозғалысын бақылауға мүмкіндік береді. Негізгі үдерістерді автоматтандыру адами фактордың ықпалын азайтып, дәрі-дәрмекті есепке алу мен пайдаланудың дәлдігін арттырады, – делінген хабарламада.

Қазіргі уақытта Алматы онкологиялық орталығында 38 мыңнан астам науқас есепте тұр. Жыл сайын мұнда 27 мыңнан астам адам медициналық көмек алады.

Соңғы сегіз жыл ішінде орталықта көрсетілетін емдеу қызметтерінің көлемі 2,5 есе артқан.

Сонымен қатар онкологиялық ауруға шалдыққан науқастардың бес жылдық өмір сүру көрсеткіші 46%-дан 75%-ға дейін өскен.

Айта кетейік, Астанадағы екі дәріханаға вирусқа қарсы дәрілердің жаңа партиясы әкелінеді.