2 шілдеде «Қазселденқорғау» мамандары Алматы қаласы ТЖД қызметкерлерімен бірлесіп Ақсай, Қарғалы, Кіші Алматы және Үлкен Алматы өзендері алаптарындағы мореналық көлдерге әуеден визуалды бақылау жүргізді.
Тексеру нәтижесінде барлық мореналық көлдердің мұздан толық арылып, маусымдық толу кезеңіне өткені анықталды. Табиғи су ағымы қалыпты деңгейде сақталған. Сел қаупі бар көлдердегі су деңгейі шекті көрсеткіштерден едәуір төмен, ал сел белсенділігінің белгілері тіркелмеген.
«Гидрологиялық жағдай тұрақты», – деп хабарлады ТЖМ.
Сонымен қатар «Қазселденқорғау» мекемесінің авариялық-механикаландырылған бригадасы Ақсай өзені алабындағы апаттық-қалпына келтіру жұмыстарын аяқтады. Жұмыс барысында бүлінген жол учаскелері қалпына келтіріліп, өзен жағалауы бекітілді және гидротехникалық құрылыстарға қауіпсіз қатынау қамтамасыз етілді.
Гидрологиялық жағдайды бақылауды күшейту мақсатында Алматы қаласы мен Алматы облысындағы тау өзендерінде қосымша жылжымалы бақылау бекеттері орналастырылды. Мореналық көлдердің, мұздықтардың және өзен арналарының жай-күйіне тәулік бойы мониторинг жүргізілуде.
Айта кетейік, бұған дейін Алматыда сел қаупіне байланысты тұрғындар қауіпсіз жерге көшіріле бастады.