Жаңа инфрақұрылым 7,2 мыңнан астам үй шаруашылығы орналасқан аумақтарды қамтиды.
Жаңа базалық станциялар Алматы, Қызылорда, Батыс Қазақстан, Ақтөбе, Жетісу және Павлодар облыстарында іске қосылды. Нысандардың ең көп саны Алматы облысында – Тегістік, Қайнар, Ақдала, Бірлік, Қараой, Балтабай және Дардамты ауылдарында жеті базалық станция жұмысын бастады. Тағы екі станция Қызылорда облысының Амангелді және Ақсуат (Аралқұм) ауылдарында, сондай-ақ Батыс Қазақстан облысының Жаңа Қазанка және Қарасу ауылдарында іске қосылды. Ақтөбе облысының Бөгетсай ауылында, Жетісу облысының Лепсі ауылында және Павлодар облысының Пограничник ауылында бір-бір базалық станциядан пайдалануға берілді.
Компанияда атап өткендей, мұндай инфрақұрылымды дамыту тіркелген желілерді тарту техникалық тұрғыдан күрделі немесе қомақты шығындарды талап ететін ауылдарды заманауи интернетке қол жеткізеді.
-Ауыл тұрғыны үшін интернеттің қандай технология арқылы келіп жатқанынан гөрі, байланыстың арқасында қандай мүмкіндіктерге ие болғаны маңызды. Бұл — мемлекеттік және қаржылық сервистерге, білім алып, жұмыс істеуге, цифрлық қызметтерге және күнделікті онлайн-сервистерге қолжетімділік. Сондықтан біздің міндетіміз — сапалы жоғары жылдамдықты интернет аса қажет болатын жерлерде инфрақұрылымды жүйелі түрде кеңейту. Әрбір жаңа базалық станцияның іске қосылуы іс жүзінде тұтас бір елді мекеннің цифрлық мүмкіндіктерін кеңейтеді, — деді «Ауыл Телеком» ЖШС Бас директоры Әмірәлі Сейілов.
Ауылдарды интернетке қосу үшін FWA (Fixed Wireless Access — тіркелген сымсыз қолжетімділік) технологиясы қолданылады. Ол абонентке дейінгі «соңғы миляны» сымсыз желі арқылы ұйымдастыруға мүмкіндік береді: базалық станция аумақты қамтуды қамтамасыз етеді, ал пайдаланушыға әр үйге жеке кабель тартудың қажеті болмайды. Мұндай тәсіл үйлер бір-бірінен едәуір қашықтықта орналасуы мүмкін ауылдық жерлер үшін аса өзекті. FWA технологиясын дамыту жоғары жылдамдықты интернеттің қамту аумағын кеңейтіп, жаңа елді мекендерді заманауи телекоммуникациялық инфрақұрылымға қосуға мүмкіндік береді.
-Бүгінде заманауи цифрлық сервистерге қолжетімділік жолдар мен басқа да базалық коммуникациялар сияқты кез келген елді мекен инфрақұрылымының маңызды бөлігіне айналып келеді. «Ауыл Телеком» Қазақстанның ауылдарында телекоммуникациялық инфрақұрылымды дамыту және сапалы интернетпен қамтамасыз ету мақсатында құрылды. Бұл — компаниямыздың негізгі міндеттері мен миссияларының бірі. Біз шағын елді мекендерге ерекше назар аударамыз, өйткені дәл сол жерлерде заманауи байланысқа қолжетімділік адамдардың өмірін айтарлықтай өзгертеді. Әрбір жаңа қосылым — ауылдың цифрлық инфрақұрылымын дамытуға, заманауи сервистердің қолжетімділігін арттыруға және оның тұрғындары үшін жаңа мүмкіндіктер жасауға қосылған үлес, — деп атап өтті Коммерциялық директор Ілияс Аюпов.
Компания мәліметінше, жаңа базалық станцияларды орнату ауылдарды сапалы байланыспен қамтамасыз ету бойынша жүйелі жұмыстың бір бөлігі болып табылады. Жыл соңына дейін тағы 120 елді мекенді сымсыз интернетке қосу жоспарланып отыр.