Алматы ормандарында от жаққан 100-ден астам адам жауапқа тартылды

Фото: Анадолы

АЛМАТЫ. KAZINFORM — Алматыда өрттің жоғары қаупі бар маусым аяқталды.

Алматы қаласы ТЖД мемлекеттік өрт бақылау басқарма бастығының орынбасары Еркебұлан Жұматаев қаланың табиғи аумақтарындағы өрттің алдын алу бойынша атқарылған жұмыстар туралы айтты.

Оның айтуынша, наурыз бен қараша айларының аралығында қала аумағында өрт қаупі жоғары кезең болды. Осы уақыт ішінде 21,6 мың гектар орман-саябақ аумағы ерекше бақылауға алынды.

Мониторинг кезеңінде ТЖД және полиция қызметкерлері 146 рейд жүргізіп, халыққа 7 мыңнан астам жадынама таратқан. Одан бөлек 169 от жағу фактісінің жолын кесіп, 167 адамды жауапқа тартты. Барлығы 355 гектардан астам құрғақ дала аумағын тексерілді.

— Өрт қауіпсіздік режимін бұзғаны үшін 2 адам ӘҚБтК-нің 505-бабы бойынша жауапқа тартылды. 138 құқықбұзушы 410-бап бойынша 4,8 млн теңге көлемінде айыппұл төледі. Тағы 16 адам 336-бап бойынша жауапқа тартылды, — деді ол.

Еркебұлан Жұматаев халық көп демалатын, туристер жиі баратын орындарда профилактикалық жұмыстар жалғасатынын атап өтті.

— Тұрғындарды абай болуға шақырамыз. Кез келген ұқыпсыздықтың арты үлкен өртке ұласуы мүмкін, — деді ол.

Еске салайық, биыл Алматы қаласы мен Алматы облысының таулы аймақтарында бірнеше рет өрт шықты.