Алматы-Өскемен тасжолында қатты жел жүк көлігінің тіркемесін аударып жіберген
СЕМЕЙ. KAZINFORM – Алматы-Өскемен тасжолының Абай облысының аумағындағы учаскеде қатты соққан жел жүк көлігінің тіркемесін аударып жіберді.
Облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, оқиға бүгін сағат 14:30 шамасында болған.
— Алматы-Өскемен тасжолының 938-ші шақырымында қатты соққан желдің екпіні Mercedes-Benz Atego жүк көлігінің тіркемесін аударып жіберді. Абырой болғанда, зардап шеккен ешкім жоқ. Сол жерге дереу полиция мен шұғыл қызмет өкілдері жетті, — делінген ақпаратта.
Осы ретте, тәртіп сақшылары жүргізушілерге дауыл соққанда және қолайсыз ауа райы жағдайында жолда аса сақ болу қажеттігін ескертті.
Еске салсақ, осыған дейін Абай облысында баласына 44 млн теңге алимент төлемеген адам Ресей азаматтығын алып алғаны хабарланған.