Абай облысында баласына 44 млн теңге алимент төлемеген адам Ресей азаматтығын алып алған

СЕМЕЙ. KAZINFORM – Абай облысында баласына алимент төлемеген адам Ресейден табылды. Оның баласына қарызы 44 млн теңгеге жеткен.

алимент
Фото: Kazinform

Курчатов қаласының полицейлеріне азаматтық сот орындаушысынан балаларына алимент бойынша 44 млн теңгеден астам қарызы бар азаматты іздеу туралы қаулы түсті. 

«Тәртіп сақшылары жедел-іздестіру жұмыстарын бастады. Соның барысында көші-қон қызметі борышкердің орналасқан жерін анықтады. Ол қазіргі уақытта Барнаул қаласында тұратын 40 жастағы азамат болып шықты», - деп хабарлады облыстық полиция департаментінен.

Белгілі болғандай, алимент төлеуден жалтарған ер адам Ресей Федерациясының азаматтығын алып алған. Енді әйел адам бұрынғы күйеуінен алимент өндіру үшін халықаралық құқықтық механизмдерге жүгінбек. Ол Минск және Кишинев конвенцияларына сәйкес алиментті өндіре алады.

Еске салсақ, осыған дейін ШҚО-да алимент төлемеген адам алғаш рет түрмеге қамалғаны хабарланған.

 

Соңғы жаңалықтар