ӨСКЕМЕН. KAZINFORM – Республикалық маңызы бар «Алматы-Өскемен» тасжолында көлік көпірден құлап, 23 жастағы ер адам мерт болды.
Жол-көлік оқиғасы «Алматы-Өскемен» тасжолының Абай облысына қарасты аумағында тіркелген. Жолдың 976 шақырымында келе жатқан «Lada Kalina» маркалы автокөлігі көпірден құлап кеткен.
«Ер адам рульді басқара алмай қалып, металл қоршауларға соқтығысып, көпірден құлады. 23 жастағы жүргізуші сол жерде қаза болды», - деп хабарлады облыстық Полиция департаментінің баспасөз қызметінен.
Қазіргі уақытта оқиғаның барлық мән-жайы анықталып жатыр. Осы ретте полицейлер жүргізушілерден жол ережесін сақтауға, жолда барынша абай болуға шақырды.
Талғатжан Мұхаметбекұлы
Өскемендегі С.Аманжолов атындағы ШҚУ-ды "Журналистика" мамандығы бойынша тәмамдаған. Еңбек жолын 2015 жылы ШҚО "Алдаспан" газетінде тілші болып бастады. ШҚО "Менің өлкем" газетінде тілші, республикалық "Жас қазақ", "Заң" газеттерінде Шығыс Қазақстан облысы бойынша меншікті тілші, ШҚО "Менің өлкем" газетінің бас редакторы қызметтерін атқарған. Kazinform агенттігінде 2021 жылдан бері жұмыс істеп келеді.