Алматы перзентханаларында биыл ана өлімі тіркелген жоқ

Фото: pexels.com

АЛМАТЫ. KAZINFORM — Алматы әкімінің орынбасары Нұрлан Әбдірахым денсаулық сақтау саласында атқарылып жатқан жұмыс туралы баяндады.

Әкім орынбасарының айтуынша, қаланың медициналық ұйымдарында 2 388 517 адам тіркелген. Оның ішінде ер адамдар — 1 089 752 (45,6%), ал әйелдер — 1 298 765 (54,3%). Балалардың үлесі — 28,9%, яғни 689 405 бала тіркелген.

— Қазіргі таңда қалада 221 медициналық ұйым жұмыс істейді. Онда 36 мыңнан астам медицина қызметкері, соның ішінде 10 мың дәрігер еңбек етіп жүр. 2025 жылы денсаулық сақтау саласын дамытуға 58 млрд теңге бөлінді, оның ішінде 56,2 млрд теңге — қалалық бюджеттің қаражаты, — деді ол.

Нұрлан Әбдірахым осы жылдың 9 айының қорытындысы бойынша денсаулық сақтау саласының көрсеткіштерінде оң өзгерістер бар екенін айтты. Атап айтқанда:

— Алматы перзентханаларында ана өлімі — нөлге тең. Республика бойынша орташа көрсеткіш — 100 мың адамға 9,5 жағдай;

— Сәбилер өлімі өткен жылмен салыстырғанда 22,7%-ға азайған;

— Онкологиялық өлім-жітім республика көрсеткішінен 8%-ға төмен;

— Туберкулезбен сырқаттану деңгейі орташа республикалық көрсеткіштен 1,7 есе төмен.

— Бұл нәтижелер — алдын алу шараларының, диагностиканы жаңғыртудың және қалалық дәрігерлердің кәсіби шеберлігінің жемісі, — деді ол.

Еске салайық, елде ана өлімі тарихи ең төменгі деңгейге дейін төмендегенін жазғанбыз.