Алматы полицейлері қызметтік көлікте әйелді босандырып алды

АЛМАТЫ. KAZINFORM – Алматының патрульдік полиция қызметкерлері әйелге қызметтік көлікте босануға көмектесті.

Фото: Видеодан алынған скрин

Қалалық полиция департаментінің мәліметінше, кезекшілік барысында Данияр Сағынбаев пен Бекжан Әлкен отырған патрульдік экипажға әйел көмек сұрап жүгінген. Тәртіп сақшылары жедел жәрдем көлігін күтпей жүкті әйелді қызметтік көлікке отырғызып, жақын маңдағы перзентханаға қарай бет алған. Алайда жолда толғақ күшейіп, олар медициналық мекемеге жетіп үлгермеген.

Алматы полициясы бүгінгі күні ана мен баланың жағдайы жақсы екенін атап өтті.

Еске салайық, бұған дейін Алматыда көшенің қақ ортасында көлігін кері жүргізген жүргізуші жазаланғанын жазғанбыз.