Алматы полициясы Қытайда пранк түсірген блогермен профилактикалық әңгіме жүргізді

Фото: Алматы полициясы

АЛМАТЫ. KAZINFORM – Полиция қызметкерлері Қытайдан жақында оралған қазақстандықпен профилактикалық және түсіндіру әңгімесін өткізді.

Алматы қаласы полиция департаментінің мәліметінше, бұған оның әлеуметтік желілерде кеңінен таралған бейнероликтері себеп болды.

— Интернетте таралған бейнелердің бірінде ол серігінің қалтасынан ұялы телефонды алып, оны өтіп бара жатқан Қытай азаматтарына береді. Содан кейін телефонды ұрлап кеткенін айтып, сол адамға нұсқайды. Сонымен қатар ол көшеде және метро станцияларында бейтаныс ер адамдарға жақындап, қолдарынан немесе аяқтарынан ұстап, айналасындағылардың үрейі мен түсінбеушілігін тудырған, — деп хабарлады департаменттен.

Алматы полициясы әңгіме барысында блогер қыз болған жағдайға өкінетінін айтқан.

— Менің видеом ешкімді ренжіту мақсатында түсірілмеген. Бұл ойланбай жарияланған материал болды. Бейнежазбаларым біреуге жағымсыз әсер етсе, кешірім сұраймын. Енді контентті жариялау мәселесіне мұқият қараймын, — деді ол.

Полиция әлеуметтік желілерде материал жариялау кезінде отандастарға да, басқа ел азаматтарына да құрметпен қарау маңызды екенін ескертті.

— Мұндай әрекеттер арандатушылық ретінде қабылданып, қоғамда теріс реакция туғызуы мүмкін, — деді полиция өкілдері.

Еске салайық, бұған дейін қазақстандық блогер Аружан Айбекованың Қытайдың Гуанчжоу қаласында және басқа да аймақтарында түсірген бірқатар «пранк тест» видеосы жергілікті жерде сынға ұшырағанын жазғанбыз.