Бұл туралы Полиция департаментінің қызметкерлері жолаушылар тасымалымен айналысатын автобус парктерінің өкілдерімен кездесу барысында тілге тиек етті.
Айтуларынша, оқыс жағдайда дабыл бірден «102» арнасына түседі. Сондай-ақ көлік ұйымының диспетчерлік қызметіне де лезде хабар береді.
Бұған қоса қалалық Әкімшілік полиция басқармасының басшылығы автобустардағы бейне және дыбыс жазатын бақылау камераларын жаңартуды ұсынды.
«Басты мақсат – қоғамдық көліктегі кез келген құқық бұзушылыққа «мүлдем төзбеушілік» және жүргізушілер мен жолаушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету», - деді Алматы қалалық ПД әкімшілік полиция басқармасы бастығының орынбасары Болатбек Баятанов.
Еске салайық, былтыр желтоқсан айының соңында автобус бір топ адамды қаққан еді.
Полицияның мәліметінше, №47-ші бағыттағы қоғамдық көліктің ішіндегі жолаушы жанжал шығарып, жүргізуші әйелді ұрған. Салдарынан ол есінен танып, көлікті басқара алмай қалған.
Апат салдарынан 7 адам зардап шекті. Жедел медициналық қызмет келгенше үшеуі қайтыс болды.