Алматы полициясы іздеуде жүрген есірткі таратушыларды ұстау ісіне тұрғындарды да тартпақ

Фото: ҚР ІІМ

АЛМАТЫ. KAZINFORM – Қала полициясы есірткі қылмыстарына қатысы бар, іздеуде жүрген адамдардың фотопостерлерін таратуды бастады.

Онда күдіктілер туралы қысқаша мәлімет пен тұрғындарды ақпарат беруге шақыратын ескерту көрсетілген.

Фото: Алматы полициясы

Алматы полиция департаментінің Есірткі қылмыстарына қарсы іс-қимыл басқармасы бұл шара іздеу жұмыстарын жеделдетуге бағытталғанын мәлімдеді.

Басқарма бастығы Мұрат Жұмабаевтың сөзінше, бастаманың мақсаты – қала тұрғындарын сақ болуға үндеп, қауіпті құқықбұзушылықтардың алдын алу.

– Мұндай постерлерді жариялау есірткі қылмыстарына қатысы бар тұлғаларды іздеуді тиімдірек ұйымдастыруға бағытталған. Қала тұрғындарын сақ болуға және іздеудегі тұлғалар туралы кез келген ақпаратты хабарлауға шақырамыз. Бірлескен әрекет арқылы Алматы көшелерін қауіпсіз ету – басты мақсат. Қылмыс үшін жауапкершілік бар және әрбір құқық бұзушы заң аясында табылып, жауапқа тартылады, - деді ол.

Еске салайық, бұған дейін Алматыда есірткі таратқан интернет-дүкеннің қызметі тоқтатылғанын хабарлағанбыз.