Алматы полициясын аяғынан тік тұрғызған 56 жастағы ер адам ұсталды

АСТАНА. KAZINFORM — Алматыда полицияға жарылғыш зат қойылғаны туралы жалған хабар берген 56 жастағы ер адам ұсталды.

Фото: Polisia.kz

Құқық қорғау органына аудандық полиция басқармаларының бірінің ғимаратына жарылғыш зат қойылғаны туралы хабарлама түскен. Оқиға орнына шұғыл қызметтер дереу жетіп, ғимарат пен оған іргелес аумақты тексерді.

Алайда тексеру барысында ешқандай жарылғыш зат, жарылғыш құрылғы, оқ-дәрі немесе күдік тудыратын өзге де заттар табылмаған.

Тергеу барысында полиция жалған хабарлама жасаған адамды анықтады. 56 жастағы ер адам жарылғыш зат қоймағанын және мұндай хабарламаны қасақана жасағанын мойындаған.

Күдікті ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды. Осы факті бойынша қылмыстық іс қозғалды.

Полиция мұндай әрекеттердің жауапкершілікке әкеп соғатынын ескертті. Жарылғыш зат туралы кез келген хабарлама нақты қауіп ретінде қабылданып, шұғыл қызметтердің жедел әрекет етуіне себеп болады.

Еске салайық, бұған дейін Петропавл тұрғынына TikTok-та жалған ақпарат таратқаны үшін айыппұл салынғанын хабарлағанбыз.