Алматы прокуратурасы өтемдік ағаш егу шарасына бақылауды күшейтті
АЛМАТЫ. KAZINFORM – Алматыда 73 мыңнан астам өтемдік ағаш отырғызылмаған.
Мамандандырылған табиғат қорғау прокуратурасы жаппай өтемдік ағаш егу талаптарының сақталмағанын анықтады.
– Өтемдік отырғызу нормаларында 2023-2024 жылдарға көзделген 73 мыңнан астам ағаш отырғызылмаған, жасыл желектерді заңсыз кесу жағдайлары анықталды,– деп хабарлады прокуратурадан.
Ағашты тиімсіз отырғызуға агротехникалық қателіктер, қолайсыз жағдай мен тиісті күтімнің жоқтығы себеп болды. Бірқатар нысан бойынша ағаш отырғызу жылдар бойы жүргізілмеген.
– Прокуратура шаралары бойынша уәкілетті орган сотқа 64 талап-арыз беріп, оның 55-і қанағаттандырылды. Вегетациялық маусым басталғанға дейін міндеттемелерді орындау қажеттілігі туралы 49 хабарлама енгізілді,– делінген хабарламада.
Алматы прокуратурасы өтемдік ағаш отырғызу шарасына бақылауды күшейтті.
Бұған дейін Түркістан облысында қызғалдақ жұлған тұрғынға қатысты қылмыстық іс қозғалғанын жазған едік.