Алматы іргесіндегі ауылда мектеп, аурухана, балабақша салынуы тиіс жерде тұрғын үй құрылысы жүріп жатыр

Талғар ауданы Бесағаш ауылының тұрғындары «Нұрия-3» тұрғын үй кешенінің құрылысына шағымданды, деп хабарлайды Kazinform.

Фото: Kazinform.

Алматы облысы әкімімен кездесуде Бесағаш ауданының тұрғыны құрылыс мәселесін көтерді. Ол Бас жоспар бойынша «Нұрия-3» тұрғын үй кешенінің орнына мектеп, аурухана, балабақша салынуы тиіс екенін айтты. Бірақ, әкімдік құрылысқа тыйым салғанымен, жұмыс әлі де жалғасуда.

«Бұл құрылысқа тыйым салу туралы ресми шешім бар, бірақ нысан әлі салынып жатыр және бір секундқа да тоқтаған жоқ. Сонымен бірге ол үлкен заң бұзушылықтармен салынып жатыр. Жеке сектор мен тұрғын үй кешенінің арасы 7 метр. Сіз бұл жерде біздің ауылға қажет мектеп, балабақша, емхана болады деп уәде бердіңіз», – деді әйел.

Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиев былтыр сол учаскеге қатысты тиісті тапсырмалар бергенін жеткізді.

Өз кезегінде облыстық мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау басқармасының басшысы Қайыржан Жақсымбетов бүгінде бұл нысанда құрылыс-монтаждау жұмыстары тоқтатылғанын және барлық қажетті құжаттар сотта екенін атап өтті.

Құрылыс салушы - «Time group construction» компаниясы.