Алматы сотында Мұқағалиге сөз тигізген блогерге қатысты іс тоқтатылды

Фото: Видеодан скрин

АЛМАТЫ. KAZINFORM — Наурызбай аудандық сотында блогер Әлішер Теменовқа қатысты сот отырысы өтті.

Мұқағали Мақатаевқа қатысты жариялаған бейнежазбасына байланысты оның үстінен ҚР Қылмыстық Кодексінің 131-бабы (Қорлау) бойынша іс қозғалған.

Алматы қаласы сотының баспасөз қызметі агенттік сауалына жауап беріп, жәбірленуші тарап пен айыпталушының татуласуына байланысты істің тоқтатылғанын хабарлады.

Kazinform тілшісі ақиық ақынның ұлы Жұлдыз Мақатаевпен де тілдесті. Ол Әлішер Теменовтың сотта кешірім сұрауына, отбасылық жағдайын айтуына және «өз сөзін жоққа шығаратын бейнежазба түсіремін» деп уәде беруіне байланысты кешірім бергенін айтты. Сондай-ақ блогер жәбірленуші тарапқа 3 млн теңге өтемақы беруге келісіп, оның 2 млн теңгесін соттан кейін беріп қойған.

Еске салайық, бұған дейін депутат Тұрлыхановтың ұлы сотқа қамаудағы жазасын айыппұлға ауыстыру туралы өтініш бергенін жазғанбыз.