Оның айтуынша, қазіргі уақытта Алматыдан 8 спортшы 4 спорт түрінен Парижде өтетін олимпиадаға жолдама жеңіп алған. Алдағы уақытта бұл тізім тағы 6 лизенциямен толығуы мүмкін.
«Мекемінің міндеті мен қызметі – ҚР Ұлттық құрама командасына резервтер дайындау. Біздің базамызда жазғы олимпиадалық спорт түрлері бойынша ересек спортшылар дайындалады. Алматы қаласы бойынша қазіргі таңда 8 лицензия бар. Республика бойынша жолдама санынан екінші орындамыз. Қазіргі таңда 4 лицензия нысана көздеу спорты бойынша, 2 лизенция спорттық гимнастикадан, 1 жолдама ескек есу спортынан және тағы біреуі семсерлесуден алынды. Нысана көздеуден жолдама алғандар – Ислам Сәтбаев, Константин Малиновский, Арина Алтухова және Александра Ле. Спорттық гимнастикадан лицензияны – Милад Карими мен Нариман Курбанов жеңіп алды. Семсерлесуден Әйгерім Сарыбай, ал ескек есуден Тимур Хайдаров пен Сергей Емельянов жолдама алды. Сондай-ақ қазір үміт артып отырған 6 спортшымыз бар. Олар: үстел теннисінен Сарвиноз Миркадырова, құзға өрмелеуден Ришат Хайбуллин, әйелдер боксынан Назым Қызайбай, дзюдодан Ғұсман Қырғызбай, жеңіл атлетикадан Кристина Овчинникова және Кристина Морозова. Бұл спортшылар маусымның аяғына дейін әртүрлі лицензиялық жарыстарға қатысады», – деді Еркін Қазыбаев.
Ол сондай-ақ Токио-2020 олимпиадасына Алматыдан 7 спортшы қатысқанын атап өтті. Маусым айының соңына дейін өтетін лицензиялық жарыстардың нәтижесі бойынша бұл нәтиже биыл бірнеше мәрте жақсаруы мүмкін.
«Ұлттық құрама команданың өзінің дайындық бағдарламасы бар. Оларды Республикада қаржыландырады. Қазір біздің спортшыларымыз ұлттық құрама сапында дайындалып жүр. Біз өзіміз қала тарапынан Кристина Овчинникованы Еуропадағы 3 турнирге қатысып, ұпайға жинауға жіберіп жатырмыз. Егер рейтингте көтеріліп, алдыңғы 32 спортшының қатарына кірсе, жолдама алады. Ал өткен Токиодағы олимпиадаға Алматыдан 7 спортшы қатысқан еді. Қазір ол нәтижеден асып тұрмыз және үміттеніп отырған 6 адамнан кемі 2-3 лицезия аламыз деген ойдамыз. Ғұсман Қырғызбай қазір рейтингке кіріп тұр. Енді Абу-Дабиде өтетін әлем чемпионатында жақсы күресіп жіберсе, ол да жолдама алады деп ойлаймын», – деді мекеме басшысы.
Мамандандырылған жоғары спорт шеберлігі мектебінің басшысы қандай спорт түрлерінен жеңіс пен жүлде күтетінін айтып өтті.
«Меніңше, спорттық гимнастикадан жүлде күте аламыз. Өйткені Нариман Курбанов та, Милад Карими де әлемде өз орнын көрсеткен спортшылар. Олардың әлемде бекітілген бағдарламасы бар. Бүгінгі күні нысана көздеу спорты да жаман емес, сондықтан одан де жеңіс күтеміз. Оқ ату спортында 2022-2024 жылдары жалпы модернизация болды, яғни қару-жарақтармен, спорттық жабдықтармен қамтылды. Ол да өз нәтижесін беріп жатыр. Әрине, ұлттық болмаса да, төл спортымызға айналып кеткен бокстан да медаль аламыз деп ойлаймын», – деді ол.
Еркін Әбдірешбайұлы дүниежүзілік жарысқа лизенция санып көбейту үшін барлық спорт саласындағы мамандардың жұмысын жүйеге келтіріп, әр спортшыны жеке дайындау керек екенін айтады.
«Әйелдер күресінен, ауыр атлетикадан жолдама алынбай қалды. Әйелдер күресінен 50 келіде Лаура Ғаниқызы ұлттық құрама сапындағы ең жас спортшы болды. Оған әлі физикалық дайындығын көтеру керек. Өйткені жас спортшы, буыны қатпаған. 2028 жылғы олимпиадаға жақсы дайындықпен келеді деп ойлаймын. Жалпы қазіргі нәтижені көтеру үшін бізге олимпиада ойындары біте салысымен 4 жылдық жоспар жасауымыз қажет. Әр спортшыға жеке мақсаттық бағдарлама жасап, 4 жылға дейін мақсатты түрде спортшыларымызды дайындайтын болсақ, сол кезде нәтиже бере аламыз. Оның ортасында 2026 жылы бізде Азия ойындары бар. Ол бір сынақ болады. Сондықтан олимпиада аяқталған соң осы жұмысты бастап кетуіміз керек. Бұл бір ғана жаттықтырушының жұмысы емес. Спорттық дәрігерлер, психологтар, спорттық массажистер – барлығын бір жүйеге келтіруіміз керек», – деп атап өтті Еркін Қазыбаев.
Спорттық мекеме басшы биыл олимпиадаға алғаш рет қосылған скейтбординг, құзға өрмелеу, серфинг, брейк-данстың Қазақстандағы болашағы жайлы және киберспорттың дүниежүзілік жарысқа қосылуы жайлы пікір білдірді.
«Барлық өңірлермен салыстырғанда ең көп спорт түрлері дамып жатқан қала – Алматы. Ұлттық құрама сапында спортшылардың ең көбі Алматы қаласынан қосылады. Өткен жылы жазғы Спартакиада өтті, оны 4 жылда бір рет өтетін Қазақстанның олимпиадасы десек болады. Сонда алматылық спортшылар 84 алтын, 71 күміс, 73 қола жеңіп, жалпыкомандалық есепте бірінші болды. Ал скейтбординг, брейк-данс сынды спорт түрлерінен дайындауға біздің климаттық жағдай сәйкес келеді деп ойлаймын. Сондай-ақ мегаполисте жастар көп. Сондықтан қаламыз брейк-данс сынды спорт түрлерінің дамуына қолайлы. Ал құзға өрмелеу бізде жақсы дамыған. Одан Токио олимпиадасына Ришат Хайбуллин қатысқан болатын. Ал киберспорт қазіргі заман талабына байланысты дамып келе жатыр. Бірақ меніңше, кибеспортты жазғы олимпиадаға қосудың қажеті жоқ. Оны интеллектуалды шахматтан өтетін олимпиадаға қосқан дұрыс болады. Себебі дәстүрлі спорт түрлері физикалық тұрғыда өтеді. Ал мұнда адамның ойлау қабілеті бойынша өтеді, яғни физикалық дайындықты қажет етпейді», – Еркін Қазыбаев.