«Алматы Су» су құбыры мен кәріз жүйесінің басқа компанияға берілетінін жоққа шығарды

АСТАНА. KAZINFORM — Алматыдағы су құбыры мен кәріз жүйесі басқа компанияның басқаруына беріледі деген ақпарат шындыққа жанаспайды.

Фото: facebook.com

«Алматы Су» МКК мәліметінше, әлеуметтік желілер мен кейбір ақпарат құралдарында тараған ақпаратқа негіз жоқ.

«Алматы Су» МКК — Алматы қаласының сумен жабдықтау және су бұру жүйелерінің жұмысын қамтамасыз ететін мемлекеттік коммуналдық кәсіпорын. Қазір мекеме штаттық режимде жұмыс істеп жатыр. 

— «Алматының сумен жабдықтау және су бұру жүйелерін басқа компаниялардың басқаруына беру жоспарланбаған», — деп хабарлады кәсіпорын.

Осыған байланысты «Алматы Су» тұрғындарды жалған ақпаратқа сенбеуге және мәліметтерді таратпас бұрын оның дұрыстығын тексеруге үндеді.

Кәсіпорын сондай-ақ Қазақстан заңнамасында көрінеу жалған ақпарат таратқаны үшін жауапкершілік қарастырылғанын еске салды.

Еске салайық, бұған дейін Алматы облысындағы негізгі гидротехникалық нысандарды қайта жаңғыртудың жол картасы әзірленгенін жазғанбыз.