Алматы тауларында адасып қалған төрт турист құтқарылды

АСТАНА. KAZINFORM – Алматы тауларында кеш батуына байланысты өздігінен түсе алмай қалған төрт турист құтқарылды.

Фото: Видеодан алынған скрин

Төтенше жағдайлар министрлігінің мәліметінше, Космостанциядан жоғары орналасқан шекара бекеті маңында жүрген туристер құтқарушылардан көмек сұраған.

«Шақырту түскен бойда оқиға орнына «ҮАШ» бақылау-құтқару бекетінің экипажы жіберілді. Бір сағат ішінде құтқарушылар туристер тобын тауып, оларды аман-есен шлагбаумға дейін жеткізді. Ол жерде туристерді туысы күтіп тұрды», – деп хабарлады ведомство.

Құтқарылған азаматтарға медициналық көмек қажет болмаған.

ТЖМ тау туризмін ұнататын азаматтарға маршрутты алдын ала жоспарлап, қауіпсіздік талаптарын сақтауға және қараңғы түспей кері қайтуға кеңес берді.

Айта кетейік, Алакөлде полиция майоры бірнеше туристің өмірін құтқарып қалды.