Алматы тауларында биыл 156 адам құтқарылды

Фото: Алматы қалалық ӨКҚ

АЛМАТЫ. KAZINFORM – Алматы құтқарушылары тауға шығатын туристерге ескерту жасады.

ТЖМ Республикалық жедел-құтқару жасағының мәліметінше, жыл басынан бері құтқарушылар 478 жедел шақыртуға барған. Оның ішінде 167 рет таулы және жетуі қиын аумақтарда іздестіру-құтқару жұмыстары жүргізілген. Барлығы 156 адам құтқарылған, балалар саны - 26. Одан бөлек 25 адамға алғашқы медициналық көмек көрсетілген.

Республикалық жедел-құтқару жасағы бөлімшесінің бас құтқарушысы Вадим Пактың айтуынша, тәжірибесі аз туристер дайындықсыз жолға шығу, бағытты туыстарына хабарламау, навигациялық және байланыс құралдарының болмауы сияқты бірқатар қателікті жиі жібереді.

- Таудағы жазатайым жағдайлардың негізгі себептері, біріншіден, адамның өз күшін дұрыс бағаламауы және дайындық деңгейіне сай келмейтін бағытты таңдауы. Соның салдарынан турист уақытында орала алмайды немесе бағыттың ерекшеліктерін білмей, апатты жағдайға тап болады. Тағы бір қателік – қажетті жабдықтың болмауы. Тауға шығарда міндетті түрде сөмке, қосалқы батареясы бар шам, пауэрбанк және жылы киім болуы керек. Себебі тауда қазір салқын әрі қараңғы тез түседі, - деді Вадим Пак.

Одан бөлек құтқарушы әр турист дәрі-дәрмек қобдишасын, жеткілікті су және тамақ та алып жүруі тиіс екенін атап өтті.

Еске салайық, бұған дейін Алматы тауларында жел мен суықтан тоңған үнді студенттері құтқарылды.