Алматы тауларында қар жауды

Фото: «Шымбұлақ» тау-шаңғы курорты

АЛМАТЫ. KAZINFORM — Бүгін, 2025 жылғы 4 қазанда Алматы тауларында қар жауды. Ақ ұлпаны «Шымбұлақ» тау-шаңғы курортының камералары түсіріп алған.

— Бүгін Шымбұлақта нағыз қысқы атмосфера! Қар жауып, тау нағыз ертегіге айналды, — делінген курорттың жазбасында.

Кадрлардан таудың жоғары бөлігі аппақ қармен көмкеріліп, айналаны тұман басқанын көруге болады.

Айта кетейік, «Қазгидромет» РМК дерегінше, 4 қараша күні сағат 3:00–тен 20:00–ге дейін жалпы 5-6 мм көлемінде жаңбыр жауады. Ауа температурасы түнде және күндіз +5…+7 градусқа дейін төмендейді. 5 қарашада ауыспалы бұлтты, кей жерлерде жаңбыр мен қар түріндегі жауын-шашын (қалыңдығы 10 мм-ге дейін), көктайғақ болады. Ауа температурасы түнде -3…-5 °С, күндіз +1…+3 °С шамасында.

Еске салайық, мұның алдында Алматыда ауа райының күрт бұзылуына байланысты коммуналдық қызметтер тәулік бойы жұмыс істеу режиміне ауысқанын хабарлаған едік.

«Алматы Тазалық» кәсіпорындарының базаларында жүргізушілер, механизаторлар мен жұмысшылар тәулік бойы кезекшілік атқарады. Қар түспей тұрып, магистральдық көшелерге алдын ала сұйық реагенттер себіледі.