Алматы тауларында турист 3500 метр биіктіктен эвакуацияланды

АСТАНА. KAZINFORM – Алматы тауларында Погребецкий шыңынан түсіп келе жатқан турист өзін жайсыз сезініп, тауда қалып қойған. Оған Төтенше жағдайлар министрлігінің құтқарушылары көмекке келді.

Фото: ТЖМ

ТЖМ мәліметінше, үш жас турист Погребецкий шыңынан түсіп келе жатқан кезде олардың бірі өзін нашар сезінген. Ұялы байланыс жоқ «Қызылсай» лашығында қалған азаматқа серіктері көмектесе алмаған.

Оның жанындағы екі турист Үлкен Алматы көлі маңындағы демалыс орнына жетіп, құтқарушыларға хабар берген.

- Оқиға орнына Алматы қалалық ТЖД Құтқару қызметінің мамандары жедел аттанды. Құтқарушылар туристі теңіз деңгейінен 3500 метрден астам биіктіктен эвакуациялап, «Алма-Арасан» экобекетіне жеткізді, - делінген ведомство ақпаратында.

Төмен түскеннен кейін ер адамның жағдайы жақсарып, медициналық көмек қажет болмаған. Кейін туристер үйлеріне өздігінен қайтқан.

Айта кетейік, Алматыда орманға қонған ұшақты құтқарушылар тікұшағы эвакуациялады.