Алматы тауларында жаңа кемпинг-аймағы ашылды

Фото: Фото: Алматы әкімдігі

АЛМАТЫ. KAZINFORM – Теңіз деңгейінен 3 450 метр биіктікте орналасқан Альпинград алаңда кезекті кемпинг-аймағы ашылды. Альпинград белсенді демалысқы құмар әуесқойлар арасында танымал Амангелді, Мәншүк Мәметова, Пионер, 28 панфиловшылар шыңдарымен қоршалған. Осы себептен де Альпинград алаңы демалысқа қолайлы орындардың бірі  саналады.  

– Кемпинг-аймақ жайлы демалыс үшін барлық қажеттілігімен қамтамасыз етілген – мұнда кең шатыр алаңдар, жабық үстелдер мен орындықтар, жайлы күрке бар. Тіпті сағаттап тауда уақыт өткізген туристерге гаджеттерін зарядтау үшін таптырмас құрылғы күн панельдерімен де жабдықталған. Сонымен қатар күркеде келушілердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін сигналды маяк орнатылған, - деп хабарлады әкімдіктен.

Қалалық туризм басқармасының мәліметінше, жыл соңына дейін Алматыда «Терра» алаңында және Титова көлі маңында тағы екі кемпинг-аймақтың ашылуы жоспарланған.

Еске салайық, бұған дейін Алматылық альпинистер құтқарушыларды экстремалды жағдайларда жұмыс істеуге үйрететінін жазғанбыз.