Алматы тауларында жарты тонна қоқыс жиналды

Фото: Шымбұлақ тау курорты

АЛМАТЫ. KAZINFORM – Алматы тауларында сенбілік өтті. Акция кезінде Шымбұлақтан танымал туристік бағыттар бойынша қоқыс жиналған.

Шымбұлақ тау курортының мәліметінше, ауқымды EcoDay сенбілігіне 130-дан астам адам, оның ішінде Іле-Алатау ұлттық табиғи паркінің, қала әкімдігінің, еріктілер ұйымдарының өкілдері қатысқан.

Фото: Шымбұлақ тау курорты

Акция барысында жарты тоннаға жуық қоқыс (491 кг) жиналды. Оның 198 келісі қайта өңдеуге жіберіліп, кәдеге жаратылды.

– Қатысушылар қоқысты жинап қана қоймай, оны мұқият сұрыптады: қайта өңделетін - пластикалық және шыны бөтелкелер, қаңылтыр банкалар бір бөлек, қайта өңделмейтін қалдықтар бір бөлек жиналды. Барлық жиналған қоқыс еріктілердің күшімен Шымбұлақ аумағына жеткізілді, ал қайта өңделетін қалдықтар Recycle Birge қолдауымен мамандандырылған кәсіпорындарға шығарылды, - деп хабарлады тау курорт әкімшілігі.

Еске салайық, бұған дейін Алматы әкімі сенбіліктер ресми сипатта өтпеуі керек екенін айтқан еді.