Алматы тұрғындары вертикалды жер сілкінісін сезді – ғалым
АЛМАТЫ. KAZINFORM – Алматылықтар толқын емес, тік жер дүмпуін сезді. Ғалым, сейсмология институтының профессоры Әлқуат Нұрмағамбетов осындай пікір білдірді.
«Бұл жолы жер сілкінісі 23 қаңтардағы жер дүмпуімен салыстырғанда Алматыға жақын жерде болды. Зілзала ошағы қаладан оңтүстікке қарай 31 шақырым жерде орналасқан, бұл өте жақын. Бұл, әрине, қалаға қауіп төндіреді. Әдетте мұндай сілкіністерден кейін бірнеше рет дүмпу қайталанады. Бірақ, ол қауіпті емес», – дейді ол.
Ғалымның айтуынша, күшті жер сілкінісінің ошағы Қырғызстан мен Қазақстан шекарасында, Іле мен Күнгей Алатауының аралығында болған.
«Бұл аймақта бұрын күшті жерасты дүмпулері тіркелген, қазір де солай. Бұл аймақ қала үшін қауіпті», - деді Әлқуат Нұрмағамбетов
Сейсмология институтының профессоры қала тұрғындары бұл жолы сілкіністі қаңтар айындағыдан да күштірек сезінуінің себебін түсіндірді.
«Жер сілкінісінің ошағы қалаға жақын болған сайын дүмпу соғұрлым тік ( вертикалды) болады. Жер сілкінісі кезінде гүрілдеген дыбыс шығады. Бүгін, адамдар сондай дауысты естіді. Сондай-ақ, жерді алып күш тепкендей қозғалыс, бірнеше секундқа ғана созылады. Жер сілкінісінің сипаты әдетте әртүрлі: жергілікті және алыс болады. Вертикалды сілкініс қаладан 20-30 шақырым қашықтықта тіркеледі. Ал қаңтар айында Қытайда болған зілзала алыстағы жер сілкінісі», - деді ол.