Алматы қоғамдық кеңесінің мүшесі Нұрғали Саховтың айтуынша, жоба жүзеге асырылған уақыт ішінде 400-ден астам адам құқықтық қолдау мен кеңес алған. Өтініштердің басым бөлігі тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, көпқабатты үйлерді басқару, ПИК пен МИБ жұмысы және коммуналдық қызметтер мәселелеріне қатысты болған. Мұндай сұрақтар жалпы өтініштердің шамамен төрттен біріне тең болды, яғни 25%-ға жетті.
Тағы 14%-ы жылжымайтын мүлік пен мүліктік қатынастарға қатысты болса, 12%-дан астамы отбасылық құқық мәселелерін қамтыған. Шамамен 11%-ы қарыз өндіру, келтірілген залалды өтеу және шарттық дауларға байланысты болды. Ал 7%-ға жуығы құжаттарды рәсімдеу мен тіркеу мәселелерін қозғаған. Қалған өтініштер әлеуметтік қолдау, білім беру, жер және еңбек даулары, атқарушылық іс жүргізу, кәсіпкерлік және несие міндеттемелеріне қатысты болды.
— Бұл көрсеткіштер Қоғамдық кеңес үшін маңызды. Өйткені әрбір өтініш қала тұрғындарының күнделікті кездесетін мәселелерін көрсетеді. Жоба арқылы біз халықты толғандыратын өзекті проблемаларды анықтап, оларды шешу бойынша мемлекеттік органдар мен қалалық қызметтерге нақты ұсыныстар бере аламыз, — деді Нұрғали Сахов.
Оның айтуынша, жоба бірден екі маңызды міндетті атқарады: азаматтарға құқықтық көмек көрсетеді және қоғамдық мониторингтің тиімді құралы қызметін атқарады. Өтініштерді талдау жүйелі мәселелерді анықтауға және шешім қабылдау кезінде халықтың нақты қажеттіліктерін ескеруге мүмкіндік береді.
Жоба аясында тұрғындардың құқықтық көмекке қол жеткізуіне ерекше көңіл бөлінеді. Осы мақсатта Алматының әртүрлі ауданында ай сайын кемінде сегіз қабылдау ұйымдастырылады. Онда тұрғындар заңгерлерден тегін кеңес алып, өздерін толғандырған құқықтық мәселелер бойынша қажетті ақпарат пен түсініктеме ала алады.
Қабылдаулардың өтетін орны мен уақыты туралы мәліметтер жоба парақшаларында тұрақты түрде жарияланып отырады. Сонымен қатар азаматтар үшін жедел желі мен чат-бот жұмыс істейді.
Еске салайық, бұған дейін Алматыда көппәтерлі тұрғын үйлерді басқару органдарына бақылау күшейтіліп, биыл шамамен 300 тексеріс жүргізу жоспарланып отырғанын хабарлаған едік.