Синоптиктердің мәліметінше, түнде кей жерлерде нөсер жаңбыр жаууы мүмкін.
Сондай-ақ солтүстік-батыстан соғатын желдің екпіні секундына 15–18 метрге дейін жетеді.
Қазгидромет жариялаған ескертуге сүйенген қалалық төтенше жағдайлар департаменті Іле Алатауы аумағында күн райы қолайсыз болатынын хабарлады.
Атап айтқанда, Ақсай мен Үлкен Алматы өзендері бассейндерінде қатты жаңбыр жауып, найзағай ойнап, бұршақ болуы ықтимал.
Таулы аймақтарда жел екпіні секундына 18–23 метрге дейін күшеюі мүмкін.
Құтқарушылар қала тұрғындары мен қонақтарына сақтық шараларын қатаң сақтауға кеңес берді.
Күн райына байланысты ескерту кезінде тауға барудан уақытша бас тарту ұсынылды.
Күшті жел кезінде көліктерді ағаштардың түбіне қоюға болмайды.
Мамандар мүмкіндігінше ғимараттан шықпай, қауіпсіз жерде болуға шақырды.
Үйде болған жағдайда терезе мен есікті мықтап жабу қажет.
Балкондар мен аулалардағы жел ұшырып әкетуі мүмкін заттарды жинап қою керек.
Көшеде жүрген кезде жақын маңдағы ғимаратқа немесе дүкенге кіріп паналаған дұрыс.
Ағаштардың, жарнама тақталарының, құрылысы аяқталмаған нысандардың жанында тұру қауіпті.
Сондай-ақ электр желілері мен үзілген сымдарға жақындауға қатаң тыйым салынады.
Осыған дейін 11 мамырда елімізде 1–6 градусқа дейін үсік болуы мүмкін екені туралы жаздық.