Алматы тұрғыны қала әкіміне: Тегін берілетін дәріні сатып алуға мәжбүрмін
АЛМАТЫ. KAZINFORM - Алатау ауданының тұрғыны қала әкімі Ерболат Досаевпен кездесу барысында тегін берілетін дәріні сатып алып отырғанын айтып, шағымданды.
- Менің баурым қалалық психикалық денсаулық орталығында есепте тұр. Оған «шизофрения» диагнозы қойылған, 20 жыл болды ауырады, екінші топтағы мүгедек. Бірақ орталықтан тегін берілетін дәріні сатып алуға мәжбүр болып отырмыз. Галоперидол деканоат деген препарат салатынбыз, аптасына бір рет. Қыстан бері екі рет өз қаражатыма сатып алдым. Сондай-ақ азалептол дәрісін де сатып алдым. Осындай мәселе қашан шешіледі, үкіметтен бөлінетін тегін дәрі қайда, - деп сұрады Алатау ауданының тұрғыны.
Ерболат Досаев қалаға тегін дәрі-дәрмек енді жеткізіліп жатқанын атап өтті.
- Мемлекеттік сатып алу процедурасы өткенше, жыл басынан бері дәрі келген жоқ. Тегін препараттарды жеткізу сәуір айында басталды. Қазір бөліп жатыр. Есепте тұрған бауырыңыздың аты-жөнін беріңіз. Тексеріп шығамыз, - деді Алматы әкімі.
Осыған дейін психиатр-дәрігер адамдар әдетте туыстарының шизофрениямен ауыратынын жасыратыны туралы айтқан болатын.