Алматы тұрғыны үшінші қабатта орналасқан пәтеріне заңсыз қосалқы құрылыс салған

Фото: Алматы әкімдігі

АЛМАТЫ. KAZINFORM — Алматыда «Хан Тәңірі» тұрғын үй кешеніндегі қосалқы құрылыс сот шешімімен бұзылып жатыр.

Қала құрылысын бақылау басқармасы мәлім еткендей, Кенесары хан көшесі, 54/33 үй мекенжайындағы тұрғын үй кешенінің үшінші қабатындағы террасада заңсыз салынған құрылыс анықталды.

Фото: Алматы әкімдігі

— Алматы тұрғыны ешқандай рұқсат құжаттарсыз өз пәтеріне бір қабатты қосымша құрылыс салып, тұрғын үй аумағын айтарлықтай ұлғайтқан. Пәтер иесі әкімшілік жауапкершілікке тартылып, бұзушылықтарды жою туралы нұсқама алды, — деп атап өтті басқармадан.

Фото: Алматы әкімдігі

Алайда, нұсқама талаптары орындалған жоқ. Сол себепті сот шешімімен бұзылып жатыр.
Нысанды бөлшектеу жұмыстары Әділет департаменті сот орындаушыларының қатысуымен жүргізіліп жатыр.

Фото: Алматы әкімдігі

Осыған дейін «Теректі» шағын ауданындағы Айналма көшесі, 183 учаскесінде заңсыз салынған тұрғын үй кешенінің бұзылып жатқаны туралы жазғанбыз.