АСТАНА. KAZINFORM — Полиция қызметкерлері Алматы қаласында жалған нөмірмен жүрген жүргізушіні анықтады.
Ішкі істер министрлігінен түскен мәліметке қарағанда, жол ережесін бұзбаса да, Орал қаласының тұрғынына айыппұл келе бастаған. Бұл жөнінде ол полицияға шағым түсірген.
Тексеру барысында анықталғанындай, біреуі Оралда, екіншісі Алматыда жүрген ұқсас автокөліктің мемлекеттік нөмірлері де бірдей болған. Олардың біреуі Алматыда жол қозғалысы ережесін бұзса, сол үшін оралдық жүргізуші айыппұл ала бастаған.
— Құқық бұзушының жалған мемлекеттік нөмірді пайдаланғаны белгілі болды. Полиция қызметкерлері оны бірнеше күн ішінде қолға түсірді, — деп хабарлады ведомстводан.
Орал қаласының тұрғыны мәселені жедел шешкені үшін алматылық полицейлерге алғысын білдірді.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын БҚО-да екі айда есірткіге қатысты 60-қа жуық құқық бұзушылық анықталғанын жазған едік.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).