Алматы турнирі: Бублик пен Нұрланұлы алғаш рет бірге өнер көрсетті

АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстандықтар Александр Бублик пен Заңғар Нұрланұлы Алматы ATP 250 турнирінің екінші айналымына шыға алмады.

Фото: Қазақстан теннис федерациясы

Бұл 29 жастағы Александр Бублик пен 18-дегі Заңғар Нұрланұлының осындай деңгейдегі жарыста алғаш рет бірге өнер көрсетуі еді.

Александр Бублик — Заңғар Нұрланұлы алғашқы айналымда Израиль өкілі, 31 жастағы Даниэль Цукерман — бразилиялық, 37-дегі Фернандо Ромболимен сынға түсті. 

Бірінші партияда қазақстандық жұп 3:1 есебімен алға шығып, сол басымдылығын сақтап қалды — 6:3.

Тартысты өткен екінші сетте тай-брейкте израильдік-бразилиялық дуэт сәтті ойнады — 7:6 (7:5). Содан кейін супер тай-брейкте тәжірибесі мол Цукерман — Ромболи жеңісті жұлып алды — 10:6.

Сағат жарымға жуық уақытқа созылған бәсекеде Бублик — Нұрланұлы 4 эйспен бірге 2 брейк-пойнттың біреуін пайдаланды. Цукерман — Ромболи 5 эйс жасағанымен, 5 брейк-пойнттан ештеңе шығара алмады.

Тағы бір қазақстандық, рейтингіде 201-орындағы Тимофей Скатов жекелей сында екі сағаттан астам уақытқа созылған тартысты бәсекеде әлемнің 64-ракеткасы, мажарстандық Фабиан Марожанға есе жіберді — 5:7, 6:7 (4:7).

Қазақстанның әйелдер арасында екінші, әлемнің 66-ракеткасы Юлия Путинцева Нинбо (Қытай) WTA 500 турнирінің алғашқы айналымында рейтингіде 13-орындағы ресейлік Диана Шнайдерге жол берді — 5:7, 6:7 (4:7). Бұл ойын да тартысты өтіп, 2 сағат 28 минутта аяқталды.

Юлия Путинцева жұптық сында да грузиялық Екатерина Горгодземен бірге алғашқы айналымда канадалық Лейла Фернандес — украиналық Марта Костюктан ұтылып қалды — 1:6, 2:6.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Михаил Кукушкиннің Алматыдағы соңғы жарысын жеңіспен бастағанын жазған едік. 

Михаил Кукушкин Алматыда ширек финалға шығу үшін әлемнің 39-ракеткасы, грекиялық Стефанос Циципаспен таласады.