Алматы вагон пайдалану депосының директоры қамауға алынды

АЛМАТЫ. KAZINFORM — «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясы Алматы вагон пайдалану депосының директорына қатысты жүргізіліп жатқан сотқа дейінгі тергеу жөнінде түсінік берді.

Фото: pixabay.com

Компанияның хабарлауынша, кәсіпорын басшысы 2026 жылғы 9 сәуірде қылмыстық іс аясында ұсталған. Тергеу оның 2024–2025 жылдардағы қызмет кезеңін қамтып отыр.

Сот күдіктіге қатысты қамауда ұстау түріндегі бұлтартпау шарасын санкциялаған.

«Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ сыбайлас жемқорлыққа мүлдем төзбеушілік қағидатын ұстанатынын атап өтті. Компания қолданыстағы заңнама аясында қажетті ақпарат пен материалдарды ұсынып, тергеу органдарына жан-жақты қолдау көрсетіп жатқанын мәлімдеді.

— Сонымен қатар құқық бұзушылықтың жасалуына ықпал еткен себептер мен жағдайларды анықтау мақсатында Алматы вагон пайдалану депосында ішкі тексеру басталды. Тексеруді компанияның комплаенс-қызметі жетекшілік ететін комиссия жүргізіп жатыр, — делінген хабарламада.

ҚТЖ тергеу аяқталып, құзыретті органдар процессуалдық шешім қабылдағанға дейін қосымша түсініктеме бермейтінін хабарлады.

Еске салайық, бұған дейін «Қазтеміртранс» Алматы филиалы директоры Ақылбек Базеновтің ұсталуына қатысты түсінік берген еді.