Алматы вокзалында жолаушылардың мазасын алған саудагерлер жазаланды

АЛМАТЫ. KAZINFORM — Көлік полицейлері Алматы-1 станциясында азаматтарға тиісу және заңсыз кәсіпкерлік фактілерін анықтады.

Фото: Александр Павский/ Kazinform

Көліктегі полиция департаментінің мәліметінше, теміржол вокзалының аумағында 48 және 52 жастағы екі тұрғын күту залында жолаушыларға сақтау камерасы қызметін пайдалануды ұсынып, адамдардың мазасын алған. Сондай-ақ тексеру барысында аталған азаматтардың тиісті тіркеусіз және рұқсат құжаттарынсыз кәсіпкерлік қызметпен айналысқаны анықталды.

— Жасалған құқық бұзушылықтар үшін олар бірден екі бап бойынша, яғни қоғамдық орындарда азаматтарға тиісу және заңсыз кәсіпкерлік үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылып, 10 АЕК мөлшерінде айыппұл салынды. Сонымен қатар, заңсыз кәсіпкерлік фактісі бойынша материал процессуалдық шешім қабылдау үшін сотқа жолданды, — деп хабарлады департаменттен.

Еске салайық, 2026 жылдың басынан бері көліктегі полицейлері 34 мыңға жуық әкімшілік құқық бұзушылық анықталған. Оның ішінде 2 678 — қоғамдық орындарда тиісу фактісі, 2 405 — алкогольдік ішімдіктерді ішу немесе қоғамдық орындарға мас күйде келу, 1 201 — ортақ пайдаланылатын орындарды ластау және 20 — тиісті тіркеусіз кәсіпкерлік қызметпен айналысу деректері тіркелген.

Бұған дейін Алматы-1 вокзалы жүк бөлімшесінің қызметкерлеріне іс қозғалғанын жазғанбыз.