Қазгидромет мәліметінше, Алматыда 21-25 қазан аралығында жаңбыр жауады. Жаңбырлы маусымдағы қаланың жайы көпті алаңдатады.
Әлеуметтік желіде Алматыда 5 қазанда болған қатты жаңбырдан кейінгі мегаполистің әртүрлі бөлігінде су жиналғанын көрсететін бейнежазбалар тарады.
Алматы тұрғыны Тараз көшесіндегі жағдайды көрсетіп, күз басталған сайын осындай көрініске тап болатынын жазған.
- Алматы қаласы, Тараз көшесі. Күз басталса, осы. Осы мәселені қашан шешеді екенбіз?, – дейді ол.
Тағы бір видеода Алтын орда базарының маңы көрсетілген. Көше суға толып қалғанын көруге болады.
Сонымен қатар жаңадан жөнделген арықтардың жағдайына қатысты да сын айтылды. Қала тұрғындарының бірі жаңбыр жаумай тұрып, жай су жіберілген кезде-ақ арық су өткізе алмай жатқанын айтты.
Тұрғындардың пікірінше, мәселе тек көшелерде судың жиналуымен шектелмейді. Тағы бір алматылық жаңбырдан кейін қала көшелеріндегі тақтайтастардың тайғақ болатынын айтып, олардың қаншалықты қолайлы екенін сынға алды.
Kazinform тілшісі алматылықтардың шағымынан соң, қала әкімдігінен қандай шара жасалғанын сұрап сауал жолдады.
Әкімдік қандай шаралар қабылдады?
Алматы әкімдігінің мәліметінше, 2026 жылы қала аумағында су басу қаупі бар 129 проблемалық учаске анықталды. Қазір оның 114-де жөндеу толық аяқталған, тағы 7 учаскеде жұмыстар жалғасып жатқан көрінеді. Қалған 8 учаскеде жөндеу жүргізу жоспарланған.
- Қала аумағында жауын-шашыннан кейін су басудың алдын алу мақсатында арық желілерін тазалау және олардың су өткізу қабілетін қамтамасыз ету жұмыстары тұрақты түрде жүргізіледі. Жауын-шашын кезінде жедел әрекет ету үшін қала бойынша 250-ден астам арнайы техника, 50 мотопомпа, 18 ассенизаторлық машина және 70 бригада кезекшілік етеді. Сонымен қатар Алматы қаласы Төтенше жағдайлар департаментінің тарапынан 53 арнайы техника мен 250 адам кезекшілік атқарады, - деп мәлімдеді Алматы әкімдігі.
Мәлімдеуінше, 2026–2027 жылдардағы күзгі-қысқы кезеңге дайындық аясында арық өткелдерін тазалау, арық жүйелеріндегі қоқыстарды шығару және олардың су өткізу қабілетін қамтамасыз ету жұмыстары жүргізіліп жатыр.
Алматыдағы арық желілерінің жалпы ұзындығы – 1 101 шақырым.
- Жаңадан салынатын немесе жөнделетін арық желілерінің техникалық жай-күйі алдын ала зерделеніп, анықталған мәселелерге сәйкес тиісті жұмыстар жоспарланады. Жиі кездесетін мәселелердің бірі- арық өткелдерінің су өткізу қабілетінің жеткіліксіздігі. Мұндай жағдайларда учаскенің ерекшеліктері ескеріліп, қажет болған жағдайда арық өткелдерінің өткізу мүмкіндігін арттыруға бағытталған жөндеу жүргізіледі, - делінген әкімдік хабарламасында.
Еске салсақ, Алматы көшелеріндегі SkyTrain қоршауларына тұрғындар назар аударып, жаңа көлік жолы салынуына қызығушылық танытқан еді.