«Алматы Жастары» бағдарламасы бойынша 6626 өтінім түсті
АЛМАТЫ. KAZINFORM — Алматы қаласы коммуналдық инфрақұрылымды дамыту басқармасы 2025 жылдың 14-26 наурыз аралығында өткен «Алматы жастары» бағдарламасы бойынша өтінімдерді қабылдау қорытындысын шығарды.
Басқармадан мәлім еткендей, барлығы 6626 өтінім түсті.
Оның басым бөлігі білім беру саласының өкілдерінен түсті — 2191. Бұдан кейін денсаулық сақтау (1381), жұмыс істейтін жастар (881), ЖОО және ҒЗИ (635), коммуналдық қызметтер (428), мәдениет (360), құқық қорғау органдары (343), Әлеуметтік сала (245), спорт (86) және журналистика (76) саласы.
— 2025 жылы бағдарлама аясында тұрғын үй сатып алуға кемінде 2550 заем беру жоспарланып отыр. Оның ішінде 1050 заем «Жұмыс істейтін жастар» бағдарламасының жалға алушыларына арналған. Сондай-ақ бірқатар бағыт бойынша квоталар анықталды: білім — кемінде 350 заем; денсаулық сақтау кемінде 350 заем; республикалық кәсіпорындар мен ұйымдардың қызметкерлері жалпы көлемнің 5%-дан аспайды; құқық қорғау органдары 5%-дан аспайды, — деп атап өтті басқармадан.
Берілген өтінімдерді қарау қорытындысы бойынша 3412 қатысушыға қатысты оң шешім шығарылды. Мақұлданған өтінімдерді салалар бойынша бөлу:
* білім — 994;
* денсаулық сақтау — 630;
* жұмыс істейтін жастар — 759;
* республикалық мемлекеттік ұйымдардың қызметкерлері — 249;
* құқық қорғау органдары — 167;
* қалған салалар — 613.
Мақұлданғандардың қатарында «Жұмыс істейтін жастар» бағдарламасының 759 жалға алушысы бар, оларға «Отбасы банк» АҚ-ға жолдамалар берілген.
Үш кезеңде 1500 қатысушы төлем қабілеттілігін растау үшін банкке жолдама алады. Олар 15 жұмыс күні ішінде банктің қызмет көрсету орталығына хабарласуы керек. Төлем қабілеттілігі расталған жағдайда қатысушылар 45 күнтізбелік күн ішінде бастапқы немесе қайталама нарықтағы тұрғын үйді таңдай алады.
Қосымша 1153 қатысушы негізгі құрамды бағалау аяқталғанға дейін резервтік тізімге енгізілді. 3214 өтініш беруші тізімнен шығарылды, негізгі себептері — жұмыс орнының бағдарлама талаптарына сәйкес келмеуі, меншігінде тұрғын үйдің болуы, қажетті анықтамалардың болмауы, соңғы 6 айда зейнетақы аударымдарының болмауы және басқалар.
Еске салайық, осы жылдан бастап «Алматы жастары» тұрғын үй бағдарламасы бойынша несиелендіру мөлшері 18 млн теңгеден 20 млн теңгеге дейін ұлғайтылды.
Сондай-ақ 2025 жылы «Алматы жастары» бағдарламасымен үй алатын жастар саны көбейетінін жазғанбыз.