Алматы жылыту маусымына қаншалықты дайын
АЛМАТЫ. KAZINFORM – Алматыда жылыту маусымына дайындық аяқталды. Бұл туралы Алматы әкімдігі хабарлады.
Қала әкімдігінің мәліметінше, дайындық жұмыстары кезең-кезеңімен жүргізіліп, жылу желілері мен электрмен жабдықтаудан бастап, сумен қамтамасыз ету, газ жүйелері және әлеуметтік нысандарды қамтыды.
Жылу желілерінің жағдайына ерекше назар аударылды. «Алматы жылу желілері» ЖШС ұзындығы 23 км-ден астам 51 нысандағы желілерді қайта жаңғыртудан өткізді. Қазір кәсіпорынның дайындығы - 99%.
Сонымен қатар электр жүйелерін жаңғырту жұмыстары жүргізілді. «Алатау Жарық Компаниясы» АҚ 1100 км-ден астам электр желілерін жөндеп, ондаған қосалқы станция мен трансформатор дайындады. Бүгінде қаладағы электр желілерінің дайындығы 100%.
- Ауқымды жұмыс жылу көздерінде де жүргізілді. «АлЭС» АҚ өз станцияларының дайындығын 84%-ға жеткізді. Сонымен қатар, нормадан артық отын қоры жасақталды – көмір бойынша 119%, мазут бойынша 136%. Бұл қысты ойдағыдай өткізуге мүмкіндік береді. Ал «Алматыжылукоммунэнерго» ЖШС 68 қазандықтағы жөндеуді аяқтап, тағы 17 нысанда қайта жаңғырту жүргізіп жатыр. Кәсіпорынның жалпы дайындығы 98% жетті, - деп хабарлады әкімдіктен.
Сондай-ақ «Алматы Су» мекемесі нысандардың толық дайын екенін хабарлады: ұзындығы 42 км-ден астам су және кәріз желілері қайта жаңғыртылды.
Газбен жабдықтаудың тұрақтылығы да расталды. «QazaqGaz Aimaq» АҚ Алматы филиалы барлық жоспарлы жөндеу және реконструкция жұмыстарын аяқтады. Газ желілерінің дайындығы 99%.
- Ерекше назар мектеп, балабақша, аурухана мен тұрғын үйлерге аударылды. Жылу маусымына 412 білім беру нысаны, тұрғын үй қоры бойынша 9117 ғимарат толық әзірленді. Денсаулық сақтау нысандарының дайындығы 92%-дан жоғары деңгейде қамтамасыз етілді, - деп хабарлады әкімдіктен.
Еске салайық, бұған дейін Алматы облысының қай аудандарына бірінші жылу берілетінін жазғанбыз.