Алматы жұртшылығымен өткен кездесуде Конституцияға енгізілетін түзетулер түсіндірілді
АЛМАТЫ. KAZINFORM — Алматы қаласында ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттары мен Конституциялық реформа жөніндегі комиссия өкілдерінің қаланың Қоғамдық кеңесінің мүшелерімен кездесуі өтті.
Кездесу барысында қоғамдық талқылауға шығарылған Конституцияға енгізілетін түзетулер, сондай-ақ жаңартылған мемлекеттік-құқықтық модельді қалыптастырудағы азаматтық қоғамның рөлі талқыланды.
Қатысушылар жаңа Конституция жобасын қолдап, жүргізіліп жатқан реформаның елдің саяси жаңғыруындағы негізгі кезеңдердің бірі екенін және мемлекеттік құрылымның базалық қағидаттарын қамтитынын атап өтті. Атап айтқанда, билік тармақтары арасындағы өкілеттіктерді қайта бөлу, Парламенттің рөлін күшейту, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарына берілетін кепілдіктерді кеңейту және мемлекеттік институттардың есептілігін арттыру мәселелері сөз болды.
Мәжіліс депутаты Ермұрат Бәпи Ата заңды талқылау барысында ашық әрі жауапты қоғамдық диалогтың маңыздылығын атап өтті. Оның айтуынша, реформалардың тұрақтылығы мен заңдылығын қамтамасыз етуде қоғамның белсенді қатысуы шешуші рөл атқарады.
— Сындарлы сын шектелмеуі тиіс. Ашық талқылау мүмкіндігінің өзін қоғамдық құндылық ретінде бағалауымыз қажет. Тек диалог арқылы ғана қоғам қабылдайтын әрі ұзақ мерзімде тиімді жұмыс істейтін шешімдерге қол жеткізуге болады, — деді Ермұрат Бәпи.
Сондай-ақ ол реформалар кезеңінде қоғамдық келісімді сақтау және сезімтал тақырыптар төңірегінде алыпсатарлыққа жол бермеу қажеттігіне назар аударды.
Мәжіліс депутаты Ерлан Саиров сыртқы сын-қатерлер жағдайындағы ұсынылып отырған конституциялық өзгерістердің маңызына тоқталып, олардың мемлекеттің тұрақтылығын қамтамасыз етуге бағытталғанын айтты.
— Жаңа Конституция жобасында жаһандық саясаттағы тұрақсыздық жағдайында елдің тұрақтылығы мен аумақтық тұтастығын сақтауға арналған тетіктер қарастырылған, — деді Ерлан Саиров.
Оның айтуынша, ұсынылып отырған өзгерістер елдің ұзақ мерзімді дамуына бағдарланған және қазіргі ішкі әрі сыртқы сын-қатерлерге жауап береді.
Кездесу барысында Конституция преамбуласының мазмұнына ерекше назар аударылды. Конституциялық реформа жөніндегі комиссия мүшесі Үнзила Шапақ преамбула Ата заң мәтінінің тұтастай құндылықтық бағдарын айқындайтынын атап өтті.
— Конституция — мемлекет пен халық арасындағы қоғамдық келісімнің көрінісі. Преамбулада ұлт бірлігі, мемлекеттің унитарлық сипаты, шекаралардың мызғымастығы мен аумақтық тұтастық нақты бекітілуі тиіс, — деді Үнзила Шапақ.
Оның айтуынша, жаңартылған Ата заң Қазақстанның халықаралық құқықтық міндеттемелерін, сондай-ақ ұлттық мүдделер мен тарихи сабақтастықты ескеруі қажет.
Ұсынылып отырған өзгерістердің өзектілігіне қатысты пікірін Алматы қаласы Қоғамдық кеңесінің мүшесі Совет Сейітов білдірді. Оның сөзінше, Қазақстан саяси және экономикалық дамудың жаңа кезеңіне қадам басып отыр, бұл өз кезегінде Ата заңды жаңартуды талап етеді. Сондай-ақ ол жастарды талқылау процесіне тартудың маңыздылығын атап өтті.
— Бұл — баршамыз өмір сүретін Конституция. Ең алдымен, жас ұрпақ үшін. Сондықтан бейжай қалмай, алдағы референдумда талқылау мен дауыс беруге белсенді қатысу маңызды, — деді ол.
Конституциялық өзгерістердің әлеуметтік және құқық қорғау аспектілері туралы Алматы қаласы Қоғамдық кеңесінің мүшесі Богдан Джепка баяндады. Оның айтуынша, қолданыстағы бірқатар нормалар қазіргі заман талаптарына сай жаңартуды қажет етеді.
— Бүгінде әлем қарқынды өзгеріп жатыр: цифрландыру, жасанды интеллект, жаңа әлеуметтік сын-қатерлер. Осы тұрғыда Конституцияға енгізіліп жатқан өзгерістер дер кезінде қолға алынып отыр, — деді ол.
Оның пікірінше, ұсынылып отырған түзетулер мемлекеттік жүйені неғұрлым икемді әрі бюрократиядан арылған етіп, билікті азаматтарға жақындата түсуі мүмкін. Ол ерекше қажеттіліктері бар адамдардың құқықтарын қорғау мәселесіне айрықша тоқталды.
— Жоба аясында сайлау процесінде әйелдер мен мүгедектігі бар адамдар үшін 30 пайыздық квотаның сақталғаны мен үшін аса маңызды. Бұл — елдің әлеуметтік дамуына қатысу мен ықпал етудің нақты тетігі, — деді Богдан Джепка.
Алматы қаласы Қоғамдық кеңесінің мүшесі Рустам Қайрыев конституциялық өзгерістердің әлемдік тәжірибеде қалыпты құбылыс екенін және оларды халыққа түсінікті тілде түсіндіру қажеттігін атап өтті.
— Азаматтардың ұсынылып отырған өзгерістердің мәнін нақты түсінуі үшін бұқаралық ақпарат құралдары арқылы да қолжетімді форматта түсіндіру жұмыстарын жүргізу маңызды, — деп қосты ол.
Талқылау қорытындысы бойынша қатысушылар ұсынылып отырған өзгерістерді қолдады. Сондай-ақ мұндай диалог алаңдары жүріп жатқан конституциялық реформа аясында сарапшылар мен қоғамдық қауымдастықтың пікірін ескеруге мүмкіндік беретіні атап өтілді.