Сақиналы құйрықты лемурлардың екі жұбы да егізден төлдеген. Алғашқы егіздер 6 наурызда, екінші жұптың төлдері 17 наурызда туған. Қазір олардың барлығы мамандардың жіті бақылауында болып, қалыпты өсіп-жетіліп жатыр.
Сонымен бірге 6 наурызда аққол гиббонның төлі дүниеге келді.
– Бұл төл хайуанаттар бағында бірнеше буын бойы жалғасып келе жатқан әулеттік желінің жалғасы саналады. Оның әкесі Джим де, әжесі Джулия да осы хайуанаттар бағында туған. Ал оның арғы атасы Табинді хайуанаттар бағының тұрақты келушілері жақсы таниды, - дейді зообақ өкілдері.
Мамандардың айтуынша, аналықтар мен олардың төлдерінің жағдайы жақсы. Күннің жылынуына байланысты жануарлар жазғы қоршауларға шығарыла бастады. Енді келушілер олардың табиғи ортаға барынша жақын жағдайдағы тіршілігі мен мінез-құлқын тамашалай алады.
– Аққол гиббондар мен сақиналы құйрықты лемурларда төлдің дүниеге келуі осы түрлердің генетикалық әртүрлілігін сақтауға ықпал етеді әрі келушілердің жабайы табиғатты қорғау мәселесіне қызығушылығын арттырады, - деді Алматы хайуанаттар бағы приматтар бөлімінің жетекшісі Шолпан Әбдібекова.
Алматы хайуанаттар бағы қала тұрғындары мен қонақтарын жаңа кішкентай тұрғындармен танысып, олардың алғашқы қадамына куә болуға шақырды.
Еске салайық, бұған дейін Алматы зообағында Қызыл кітапқа енген қонжықтар дүниеге келгенін хабарлағанбыз.