Алматыда 1 мамырдан бастап жүргізушісіз 50 автокөлік такси қызметін атқарады
АЛМАТЫ. KAZINFORM – Алматы дамыту стратегиясында Smart City бағытына басымдық берілген. Бұл туралы қалалық цифрландыру басқарма басшысының орынбасары Мейрам Дүйсеков айтты.
Оның сөзінше, интеллектуалды көлік жүйесін дамытуға ерекше көңіл бөлінген. Қазір Көлік холдингі қоғамдық көліктің қозғалысын диспетчерлеу мен бақылауды қамтамасыз етеді: автобустар бейнекамерамен, GPS-трекермен жабдықталған. ONAY қосымшасы арқылы бірыңғай электрондық төлем жүйесі жұмыс істейді. Алдағы уақытта банк карталары арқылы, сондай-ақ Apple Pay мен Samsung Pay сервистері арқылы жолаушыларға ыңғайлы болуы үшін төлемнің балама тәсілін іске қосу жоспарланып отыр.
– 2026-2027 жылы қаладағы 1 188 аялдамаға электрондық таблолар орнатылады. Интеллектуалды көлік жүйесі де енгізіліп, кейін ол қаланың цифрлық егізімен біріктіріледі, - деді ол.
Мейрам Дүйсеков жүргізушісіз көлік бағдарламасын пилоттық түрде іске қосу жоспарланып отырғанын атап өтті. Айтуынша, Yandex Kazakhstan компаниясымен бірлесіп, биыл 1 мамырда қала жолдарына жүргізушісі жоқ 50 автокөлік шығарылады.
Еске салайық, бұған дейін Астанада жүргізушісіз такси жобасын іске қосу туралы меморандумға қол қойылды.