Оның сөзінше, интеллектуалды көлік жүйесін дамытуға ерекше көңіл бөлінген. Қазір Көлік холдингі қоғамдық көліктің қозғалысын диспетчерлеу мен бақылауды қамтамасыз етеді: автобустар бейнекамерамен, GPS-трекермен жабдықталған. ONAY қосымшасы арқылы бірыңғай электрондық төлем жүйесі жұмыс істейді. Алдағы уақытта банк карталары арқылы, сондай-ақ Apple Pay мен Samsung Pay сервистері арқылы жолаушыларға ыңғайлы болуы үшін төлемнің балама тәсілін іске қосу жоспарланып отыр.
– 2026-2027 жылы қаладағы 1 188 аялдамаға электрондық таблолар орнатылады. Интеллектуалды көлік жүйесі де енгізіліп, кейін ол қаланың цифрлық егізімен біріктіріледі, - деді ол.
Мейрам Дүйсеков жүргізушісіз көлік бағдарламасын пилоттық түрде іске қосу жоспарланып отырғанын атап өтті. Айтуынша, Yandex Kazakhstan компаниясымен бірлесіп, биыл 1 мамырда қала жолдарына жүргізушісі жоқ 50 автокөлік шығарылады.
Еске салайық, бұған дейін Астанада жүргізушісіз такси жобасын іске қосу туралы меморандумға қол қойылды.