Алматыда 11 жылда алғаш рет троллейбус паркі жаңартылмақ

АСТАНА. KAZINFORM – Мемлекет басшысы мегаполистің көлік жүйесін дамыту жөніндегі баяндаманы тыңдады. Қасым-Жомарт Тоқаевқа 2025 жылдан кейін қоғамдық көлікті толықтай газға және электрге көшіру жөнінде берген тапсырмасының орындалу барысы туралы баяндалды - деп хабарлайды Ақорданың баспасөз қызметі. 

Фото: Александр Павский/ Kazinform

Әкімдіктің мәліметіне сәйкес алдағы 2 жыл ішінде қоғамдық көліктің барлық коммуналдық автопаркін жаңарту жоспарланған. Сонымен қатар 11 жылда алғаш рет троллейбус паркін жаңарту қолға алынды.

Фото: akorda.kz

Қалада жол құрылысының қарқыны артып келеді. Алматыда былтыр 70 көшеге 25 шақырым жаңа жол салынса, биыл 136 көшеге жалпы ұзындығы 70 шақырым болатын жол төсеу жоспарланып отыр. Сондай-ақ өткен жылы 200 шақырым жолға орташа жөндеу жұмыстары жүргізілсе, биыл бұл көрсеткіш 250 шақырымға дейін ұлғайтылмақ.

Қаланың Алматы агломерациясымен көлік байланысын қамтамасыз ету жөніндегі Президенттің тапсырмасын орындау аясында жолайырықтар құрылысы жүргізіліп жатыр. Қаланың шетінен орталығына қарай келетін радиалды жолдарды ашу жұмыстары жүзеге асырылуда. Осы жылдың соңына дейін Саин мен Мөңке би және Сейфуллин мен Жансүгіров көшелерінің қиылысында жол айырығын салу жоспарланып отыр.