Алматыда 12 мыңнан астам жаңа қоқыс жәшігі орнатылады
АЛМАТЫ. KAZINFORM - Алматыда «Таза Қазақстан» бағдарламасы аясында жаңа қоқыс жәшіктерін орнату басталды.
Алматы әкімдігінің мәліметіне сәйкес, 2025 жылы Алматыда 12 036 жаңа қоқыс жәшігі орнатылады. Олардың көлемі 80 және 120 литр. Бұл жәшіктер аудан әкімдіктерінің өтінімі негізінде орнатылып, қаланың тазалығын жақсартуға арналған. Қоқыс жинау барысын жеңілдету үшін жәшіктердің ішінде 120 литрлік полиэтилен пакеттері болады.
— Талдау көрсеткендей, қала көшелерінде 40-60 литрлік қолданыстағы қоқыс жәшіктері тез толып, қоқыс мәселесін ушықтырып отыр. Осыған байланысты, ескірген жәшіктерді ауыстыру туралы шешім қабылданды, — деп хабарлайды қала әкімдігінен.
Жалпы 80 литрлік қоқыс жәшіктері саябақтар мен скверлерде, сондай-ақ қаланың негізгі көшелері мен магистральдарға қойылады. Ал 120 литрлік төртбұрышты жәшіктер халық көп жиналатын орындарға — аялдамаларға, метро бекеттерге, жерүсті және жерасты өткелдеріне орнатылады.
Еске салайық, бұған дейін СҚО-да қоқыс үйінділерін жоймаған ауылдық округтердің 9 әкімі жазаланғанын жазғанбыз.