Алматыда 14-15 шілдеде жылу желілеріне гидравликалық сынақ жүргізіледі

АСТАНА. KAZINFORM — 2026 жылы 14 шілдеде Алмалы және Жетісу аудандарының аумағында Райымбек даңғылы — Бродский көшесі — Рысқұлов даңғылы — Сейфуллин даңғылы аумағында жылу желілеріне гидравликалық сынақ жүргізіледі. Бұл туралы «Алматы жылу желілері» ЖШС өкілдері хабарлады.

Фото: Алматы әкімдігі

Сондай-ақ, 2026 жылы 15 шілдеде сынақтар Алатау және Жетісу аудандарының аумағында Яблочков — Азовская — Рысқұлов — Серіков — Ратушный — Ангарская — Үлкен Алматы каналы бойымен — Момышұлы — Аққайнар кенті — Мөңке би — Боралдай көшелері аумағында өтеді.

Магистральдық және тарату құбырларын тексеру кезінде, таңғы сағат 04:00–ден 07:00–ге дейін қала тұрғындары мен мегаполис қонақтарына қауіпсіздік шараларын сақтау ұсынылды.

— Қабылданып жатқан қауіпсіздік шараларына қарамастан, судың жер бетіне шығуы, жол жабынының ішінара бұзылуы сынды штаттан тыс жағдайлар болуы мүмкін. Мұндай жағдайда ешқандай өз бетінше әрекет жасамаңыз, оқиға орнынан дереу кетіп, бұл туралы «Алматы жылу желілері» ЖШС-не мына телефондар арқылы хабарлаңыз: 351-27-62 (тікелей нөмір), байланыс орталығы: 341-07-00 немесе 341-07-77 (қосымша 1011 немесе 1014), сондай-ақ 109 нөмірі бойынша, — делінген хабарламада.

Аталған аумақтарда тұратын тұтынушылар үшін ыстық сумен жабдықтау толық сақталады.

— Гидравликалық сынақтар жылу желілерінің, олардың жабдықтарының жай-күйін тексеру және алдағы жылыту маусымына қаланың жылу шаруашылығын дайындау аясында құбырлардың күрделі учаскелерін анықтау үшін жүргізіледі. Уақытша қолайсыздыққа түсіністікпен қарауды сұраймыз, — деп ескертті әкімдік өкілдері.

Еске салайық, бұған дейін 2026 жылы жоспарға сәйкес 377 шақырым жылу желісін реконструкциялау және күрделі жөндеу көзделгенін хабарлағанбыз.